"Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы  Көкшетау қаласының "Бөбек" бөбекжайы мемлекеттік  коммуналдық қазыналық кәсіпорны"
Государственное  коммунальное казенное  предприятие  "Ясли-сад" "Бөбек" города Кокшетау  при отделе  образования  по городу Кокшетау управления образования Акмолинской области"

СоцСети

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

"Жаттығу ойындары арқылы балалардың ойлау қабілетін дамытамыз"

28.12.2020 Балалардың ұсақ моторикасын дамытуда тақпақпен бірге жасалатын саусақ жаттығуларының орны ерекше. Данышпан қазақ халқымызда бұған да ерекше назар аударған. Мысалы, «Қуырмаш», «Санамақ» т.б. ойындарды ойнатудың баланың ұсақ моторикасын, көру-қозғалыс тепе-теңдігін сақтауда, зейін қою, есте сақтау, санау қабілеттерін дамытуда маңызы зор. Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды. Яғни бала қолымен көбірек жұмыс істесе, ақылы да сонша өседі. Мысалы, «Санамақ» ойыны арқылы әр саусақты майыстырып, бүгіп, жазып, бала әрі массаж жасайды, әрі икемділікті қалыптастырады. Ал, «Қуырмаш» ойынында да әр саусаққа мән беріп, оның әрбірін атымен атап, алақанының ортасын айналдыра дөңгелету арқылы саусақтарының қимыл-қозғалысын ретке келтіреді және дамытады. Физиологиялық тұрғыдан айтқанда ол қолдың ұсақ бұлшықеттерінің қозғалысы. Сонымен қатар «қол мен көздің» тепе-теңдігін де ұмытпауымыз керек, себебі қолдың ұсақ қозғалысы көздің бақылауымен жүзеге асады. Бала қозғалысы қоршаған ортадағы заттарды танып-білу барысында қалыптасады.Ол көзімен көріп, қолымен ұстап, айналдыра қарап, бұрып, жатқызып, теріс қаратып қойып, қалыпты күйіне әкелгенше түрлі әрекеттер жасайды. Өз тобымдағы балалардың ойын барысында түрлі ойыншықтармен ойнау барысын бақылаған кезде ұсақ, ірі заттарды құрастыру ойындары саусақ қимылдарын қаншалықты дамытатынын байқадым. Балалар тіпті бір-біріне доп лақтыру, ойыншықтармен алмасу, құрастыру ойындары кезінде де ұсақ моториканы әрдайым шыңдай түседі. Ата-аналар да үйде соған мән берсе деймін. Құрастыратын лего, мозаика, торларды толтыру, белгілі бір фигураға сай келетін ұяшықтарды таба білу сияқты баланың ой-өрісін ғана емес, саусақ қимылдату қабілетін арттыратын ойыншықтарды көбірек сатып алғаны дұрыс. Өмірінің бастапқы кезеңінде баланың ұсақ қол моторикасы қалай дамып жатқандығын, жеке интеллектуалды қабілетін байқауға болады. Қасықты, қарындашты ұстай алмайтын, түймесін түймелей алмайтын және бәтеңке бауын байлай алмайтын балалардың қолының кіші моторикасы нашар дамыған болып есептеледі. Оларға шашылған конструкторларды жинау, пазламен жұмыс жасау, есептегіш таяқша және мозаикамен ойнау өте қиын. Олар басқа балалармен ойнаудан бас тартады, осындай жұмыстарды жасағанда үлгермейді. Мұндай балалар элементарлы қызметтің өзінде өздерін нашар сезінеді және бұл жағдай баланың эмоциясын мен өзін – өзі бағалауға кері әсерін тигізеді.Бала өз саусақтарын қаншалықты басқара алса, оның одан әрі дамуы да соған тікелей байланысты. Ұсақ қол моторикамен қоса балалардың есте сақтау қабілеті мен назары, сондай –ақ, сөздік қоры да дами түседі. Ұсақ қол моторикасы термині саусақтар қозғалысы және қолдың буындарын үйлестіру дегенді білдіреді. Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны қозғалу, қозғалыс- әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, бала қозғалысы дәл және нақты болса, оның әлемді ақылмен тануы да терең бола түспек. Қолдан ұсақ-түйек заттарды жасау балалардың ең жақсы көретін шығармашылық жұмыстары. Мұндай жұмыс балалардың қиялдарын, ойлары мен бармақтарының ұсақ моторикасын дамытады. Ұсақ қол моториканы дамыту әдістемесі мұндай жағдайда өте тиімді. Сол арқылы ол қолдың ептілігі, ритмикалық қозғалысын үйлестіруге және нақтылығын, саусақтар мен қол буынының ұсақ қол моторикасын, жалпы қозғалыстық белсенділікті, сөйлеу функциясын, қиялын, логикалық ойлауын, еркін назарын, көру және есту қабылдауларын, шығармашылық белсенділіктерін жақсартуға талпына бастайды. Бұл ойындар арқылы балалардың тілдік сөйлеу байланысы жақсарады, танымдық және сөйлеу іс-әрекеттеріне деген қызығушылығы артады. Нәтижесінде балалардың тілі, қимыл – қозғалысы мен икемділігі айтарлықтай дамиды. Өзім жұмыс істейтін топта балдырғандарға түрлі жаттығулар жасау туралы тапсырмалар беріледі. Мысалы, қағаздан қарындашты көтермей, ортасында солдан оңға қарай түзу сызықтар жүргізуге үйретеміз. Осылайша екі қолдың үйлестірілген әрекетін дамытуды жалғастырамыз. Сонымен қатар қарындашты көтермей, көлденең сызықтарды солдан оңға қарай жүргізуге, кеңістікті бағдарлау қабілетін қалыптастыру арқылы қолдың ұсақ моторикасын дамыта түсеміз. Сондай-ақ, нүктелік сызықтарды дұрыс салуға үйретеміз. Қарындашты дұрыс ұстау қабілеті де баланы ептілікке баулиды. Сонымен қатар түрлі фигураның контурынан шықпай, тек берілген бағытта сызықтар салуға үйретеміз. Мысалы, олар квадрат, тіктөртбұрыш, үшбұрыш салуға машықтанады. Сол фигураларға қиғаш сызықтар, толқынды сызықтар салу арқылы балалар қол мен көзді үйлестіру, сызық бағытын ұстануға үйренеді. Қыз балаларға көйлектің кесілген силуэтін безендіре отырып, әр түрлі көлемдегі сақиналар саламыз. Ал ұлдарды саптыаяқтар салуға үйретеміз. Қағаздан бірнеше рет бүктелген дөңгелек жапырақшалар кесіп алынып, қол шеберлігін дамыта түсеміз. Балаларды тор дәптермен таныстыра отырып, сандарды жазуға машықтандырамыз. Қолын жазуға машықтау –баланың білім алуындағы маңызды қадам саналады. Көптеген тәжірибесіз ата-аналар дайындық кезеңін неден бастайтынын білмейді. Осыған байланысты жаттығу көбінесе баламен жанжалдасумен аяқталады. Нәтижесінде оқуға құлықсыздық пайда болады. Күні ертеңдері мектепке барғанда ол баланың бойында сенімсіздік пайда болып, үлгерімі төмендейді. Баланы жазуға машықтандыруға лайықты жас менің ойымша 3 жас. Көптеген ойыншықтар арқылы баланы жазуға үйретуге болады. Соңғы кездері арнайы ойын тақталары шығып жатыр. Оған түрлі суреттер салып, өшіріп тастап, қайта жазуға болады. Сондай-ақ, баланың қолын дамытудың тағы бір тәсілі–қарындашты немесе қаламды саусақпен айналдырып ойнату. Ойыншықты да дәл солай айналдырып ойнатуға болады. Мысалы, алдымен оны бір күйде ұстап тұрып, біраз уақыттан кейін үш саусақпен айналдыруға машықтанады. Көптеген ата-аналар баласының даңғырлаған ойыншықтармен ойнағанын қаламайды. Көбі барабан деген ұрмалы аспап алуға келгенде құлықсыздық танытады. Ал сол ұрмалы аспаптың бала саусақтарының қозғалтқыш қабілетін жақсартатынын түсінбейді. Пернетақталы және ішекті аспаптар да баланың саусақтарын дамытады. Қарапайым мозаика ойыны да ұсақ және ірі бөлшектерді жинау арқылы баланың қолын жаттықтырады. Сондай-ақ, саусақ гимнастикасының да пайдасы зор. Балабақша балғындарына күнделікті жаттығу жасату арқылы олардың қолын жазуға дайындаймыз. Алдымен барлық саусақтарын уқалап, жұдырығын жұмып, ашып бірнеше мәрте қайталайды. Содан кейін толқынды қимылдар жасаймыз. Сурет сабағы да баланың саусақтарының дамуының кепілі. Ал, ол суреттерді түрлі-түсті қарындашпен салса, тіпті қызығушылығы артады. Кейде ата-аналар бөбектерінің үйдің қабырғасына жапсырылған тұсқағаздарды шимайлап тастады немесе сурет салды деп сөгеді. Шындығына келгенде бұл баланың өз бетінше ұсақ моторикасын дамытуының көрінісі. Керісінше, балаға сондай шимайлайтын тақта дайындап берсеңіз оның сурет салу арқылы қабілет-қарымының арта түскенін көресіз. Біз ата-аналармен жұмыс барысында осындай детальдарға мән беруін сұраймыз. Баланы жаза білуге ерте дайындай бергеннің артықтығы жоқ. Біздің елімізге балаларды оқытудың Монтессори әдісі енгізілгелі баланы әр түрлі дағдыларға үйрету қолға алынды. Тіпті осы әдісті ғана қолданатын орталықтар пайда болды. Онда тәрбие алатын балалардың үлгерімі де жақсы екені дәлелденген. Біз де балабақша қабырғасында осы әдістерді қолдануға тырысамыз. Мысалы, қолды жуу, қағаз қию, шеңбер жасау сияқты тәсілдер арқылы баланың қимыл-әрекетін шыңдаймыз. Ал, үй жағдайында балаға моншақты жіпке тізу, түйме салу, бауын байлау, белдікті тағу, мойынорағышты таңу сияқты күнделікті қажетті дағдыларға ерте бастан баули беру керек. Тіпті далада жүргенде де қолы кірлеп қалады деп қорықпай, тастарды ұстау, бірнеше тасты қолына жинап, алақанына құм салып, жұмып, қайта ашып, төгіп деген сияқты амалдарды жасап үйретсе құба-құп. Ұсақ моториканың дамуы баланың ақыл-ой әрекетіне, көрнекі және моторлы есте сақтауына, зейініне, үлестірілуіне, қиялына, сөйлеуіне әсер етеді. Бұл өте маңызды. Себебі күнделікті өмір тамақтану, киіну, жазу, қолөнермен айналысу, музыкалық аспаптарда ойнау және тағы басқалар үшін саусақтар мен қолдардың нақты үйлестірілген қозғалыстары үнемі қажет. Сондықтан көп жағдайда ұсақ моториканың даму дәрежесі күні ертеңдері баланың өз ортасында күлкі болмай, жасымай, сенімді сезінуінің кепілі. Ата-аналар үйде баласының әр қимыл-қозғалысын жастайынан бақылап, қате кеткен тұстарын шыдамдылықпен түзеп, қатты сөкпей, үнемі үйретіп, бағыттап отырса деймін. Біз де тәрбиешілер оларға көмекке келуге әзірміз. Қазір ғаламтор заманында әлеуметтік желілердегі сабақтарды ашып қарап баланы дамытудың жолдарын меңгеруге әбден болады. Осылайша ата-ана-балабақша-мектеп деген бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын ұғымдардың байланысы нығая береді. Көкшетау қаласы. «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі: Муканова Арайлым Дюсенбаевна
Просмотров: 262


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст